
Жылыой ауданы әкімінің сайтына қош келдіңіздер. Бүгінгі күні халықтың еркін ақпарат алуын қамтамасыз ету демократиялық, ашық қоғамның бірден-бір міндетті. Дүниежүзілік қолданыстағы технологияларды белсенді пайдалана отырып, халықпен байланыста болу - мемлекеттік басқару органдардың басты ұстанымы болуы тиіс. «Электрондық үкімет» бағдарламасы билік органдарының халықпен өз дәрежесінде бірлесіп жұмыс жасауға, қызмет тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Жылыой ауданының ресми сайты жергілікті басқару органдарының құрылымымен, құзіретімен танысуға, атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпараттар мен өңірдің тарихымен, әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудан әкімінің ресми сайты Сіздермен пікір алмасуымызға, көпшілік тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып шешімдер қабылдауға, ауданымыздың жан-жақты дамуына қызмет жасайтынына сенімдімін.
Біз өлкеміздің өсіп-өркендеуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында өзара түсіністік пен бірлікте қызмет етуге дайынбыз!
Құрметпен, Жылыой ауданының әкімі Нұғманов Р.Т.
|
![]()
Жылыой ауданының қысқаша тарихы Жылыой ауданы 1928 жылы 6 мамырда Қазақ Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен құрылған. Жер көлемі 29,3 мың шаршы км құрайды. 2010 жылы өткізілген санақ бойынша аудан халқы 73356 адам болса, оның 52638 қала халқы, 20718 адамы поселке, селолық округ тұрғындарын құрады. Жылыой ауданы Атырау облысының шығыс бөлігіндегі Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауымен Жем, Қайнар өзендерінің сағалық бойын қамтиды. Жерінің орналасуына қарай солтүстігінде Мақат ауданымен, шығысында Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, батысында Каспий теңізімен, оңтүстікте Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі. Климаты қуаң, континенттік, жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы теңіз жағалауында -8 градус, солтүстігінде -14, кейде -30 градус дейін аязды күндер болады. Шілденің орташа температурасы +22-24 градус аралығында. Жауын-шашынның орташа мөлшері 150-200 мм, ал булану мөлшері 1000 мм-ге жуық. Жер рельефінің ерекшелігі – оның ойпатты, жазық болуында. Жер бетінің биіктігі теңізге қарай көлбейлене, кеми береді. Жылыой ауданының шаруашылығы 1930-шы жылдарға дейін балық және ауыл шаруашылығымен шектелді. Аудан орталығы балықшылардың мекені Қаңбақты (Жылыой) поселкесі болды. Жылыой өңірінде алғаш мұнай тапқан Қызылбаев Бешім ақсақал.Ол жер бетіне шығып жатқан мұнайды барлаушы-геологтарға апарып көрсеткен. Мұнай халық комиссары Қызылбаев Бешімге осы еңбегі үшін өмірлік зейнетақы тағайындаған. 1930 жылдан бастап ауданда мұнай іздеу жұмыстары қолға алынып, Қаратон, Иманқара, Қарашүңгіл, Қосшағылға бұрғы салынды. 1935 жылы Қосшағыл кен орны игеріліп, басқа да мұнай алаңдары ашылғанан кейін, аудан орталығы Қаңбақты (Жилая каса) поселкесінің экономикалық, әкімшілік орталығы ретінде қалу мәні кете бастады. Аудан орталығы 1938 жылы Қосшағыл поселкесіне ауыстырылды. Енді Жылыой өңірінің болашағы мұнаймен байланысты болды. Аудан өнеркәсіппен, ауылшаруашылық бағытында дами бастады. Ауданда бұрғылау жұмыстары кеңінен етек алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жылыойлықтар «Бәрі де майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен бүкіл күш-жігерін жеңісті жақындатуға жұмсады. Аудан еңбекшілері майданға жылы киімдер жіберді. «Қазақстан», «Жаңа жол» колхоздарының төрағалары Қалдан Өмірбаев, Батырбай Бөлекбаев, Атыраубай Танкиевтер 100 мың сомнан, Абай атындағы орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары 25 мың сом қаражат жинап, майдан жеңісіне үлес қосты. Сол үшін ауданға Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннен алғыс жариялаған хат келді. Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін ферма меңгерушілері Ж.Мергенбаева, С.Шәкірова, шопан Н.Арқабаев, жылқышы Т.Дешенов 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Жылыой ауданынан Ұлы Отан соғысына 3550 адам шақырылды. 1944 жылы 2 мамырда мұнай құбырларын жару мақсатында Киров колхозының маңына жау ұшағы 13 адамнан тұратын Агаев бастаған десанттық топ түсірді. Осы топты жедел жою шаралары ұйымдастырылып, оны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәкір Ғазизов басқарды. Жау десантының қолынан колхозшы Байжан Атағозиев қаза тапты. Отан соғысынан 3192 жылыойлық оралмады. ХХ ғасырдың 50-90 жылдары аудан экономикасы қарқынды дамыды. Мұнай өндіру күрт өсті. Оған Мұнайлы (1948), Қаратон (1949), Кәкімбет (1955), Тереңөзек (1956), Төлес (1958), Тәжіғали (1960), Прорва (1962), Қара-арна (1974) мұнай кеніштерінің берілуі ықпал етті. 1954 жылы аудан орталығы Құлсары поселкесіне көшірілді. Поселке атауы бұрын осы өңірді мекендеген, бейіті сақталған Құлсары деген кісінің есімімен аталған 80-жылдардың ортасынан бастап бірегей Теңіз кенішін игеру жұмыстары кеңінен жүргізілді. 60-80 жылдар аралығында «Құлсарымұнайгаз», «Прорвамұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары, «Оңтүстік мұнай барлау канторы», Ұңғыларды күрделі жөндеу канторы мұнай зерттеу, өндірумен шұғылданса, Теңіз кенішін игеруге байланысты «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы пайда болды. 80-90 жылдары 3 өндірістік бірлестік («Теңізмұнайгаз», «Теңізмұнайгазқұрылыс», «Теңізэнергоқұрылыс»), 13 трест, ондаған басқармалар жұмыс істеді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге бұл мекемелердің көпшілігін қаржыландыру тоқтатылып, кейін 1993 жылы қазақ-американ біріккен «Теңізшевройл» кәсіпорны құрылды. Шетелдік мердігерлік мекемелер мұнай өндіру, газ айыру жұмыстарын үйлестіру мақсатында мұнай айыру зауытын салудың жаңа кезеңдерін іске қосты. Осының нәтижесінде ауданда мұнай өндіру 2004 жылы 13 млн. тоннаға жетті. Кең көлемде жол қатынасы жүйесінде Құлсары темір жол станциясы, №11 жол дистанциясы, 2 сигнал және байланыс дистанциясы, Орта Азиядан, Теңіз кенішінен келетін газды жөнелтетін Құлсары компрессор станциясы (ЛПУ), Өзен-Атырау-Самара мұнай құбырын айдайтын Құлсары мұнай құбырлары басқармасы, «Теңізавтокөлік», «Казпетротранс» ЖШС қызмет етеді. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы аудандағы ірі кәсіпорындарға «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «Бақай» корпорациясы, «НСС» ЖШС, «Теңізмұнайқұрылыс» ЖШС, «КОССК» ЖШС, «Атырау-Жарық» ЖШС, «Казкомсервис», «АБТ-ЛТД», «Мако», «Транс», «Олжа» ЖШС-тері т.б. жатады. Аудан жерінен Атырау-Маңғыстау темір жолы, Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолы өтеді. Ауданда бір қалалық (Құлсары қаласы), бір поселке (Жаңа Қаратон), бес селолық округтік (Қосшағыл, Жем, Қара-арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген) әкімшілік аумаққа бөлінген. Аудан орталығы Құлсары поселкесіне 2001 жылғы 22 қыркүйекте қала атағы берілді. Құлсары қаласы облыс орталығы Атырау қаласынан 230 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл шаруашылығымен айналысатын 244 шаруа қожалығы және «Жаңа таң» ЖШС бар. Аудан бойынша барлық шаруашылықтарда 15819 мүйізді ірі қара, 87138 бас қой-ешкі, 5132 бас жылқы, 7654 бас түйе, 3492 дана құс өсіріледі. Өндірісі негізінен: мұнай және газ өндіру саласы. 2009 жылдың 1-ші қаңтарындағы есеп бойынша аудан жылына 19028,8 мың тонна мұнай, 8995,6 млн.куб.м газ өндіреді. Ауданда 4354 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде 549-і заңды тұлғалар, 244-і шаруа қожалықтары, 3561-і жеке кәсіпкерлер. Бүгінде 20 мектеп, 5 балабақша, №9 кәсіптік лицей, Құлсары гуманитарлық-техникалық коллежді, 2 балалар мен жасөспірімдер мектебі, 1 өнер, 2 саз мектебі, 1 жас техниктер станциясы, 3 аурухана, 2 емхана, 1 аудандық өлкетану мұражайы, орталықтанған кітапхана мен 16 бөлімшесі, «Мереке» кинотеатры, 2 мұнайшылар клубы қызмет етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі атпен 1933 жылдан бері шығатын «Кең Жылой», 2002 жылдан апталық «Көкжиек-Горизонт», 2003 жылдан «Құлсары» газеттері шығады. Ауданан шыққан белгілі адамдар ішінде 11 Социалистік Еңбек Ері – бұрғышылар Мұханбет Ақаш, Махутов Әбілғазым, Балгенжиев Зейнел, мұнайшы Әбдірахманов Ұлықпан, ауылшаруашылығынан Дощанов Татан, Арқабаев Нұрмағанбет, Шәкірова Сәли, Мергенбаева Жанбөпе, Дүйсенбеков Әбді, Асабаев Кісенбай, Еңбек Даңқы орденінің толық иегері Кенжеғариев Аманжол, 80-ге жуық Ленин ордені иегері, 30-дан астам әр салада ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкерлері, 5 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты бар. Ауданды басқарған аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары: Сапарғалиев Аман (1928 ж), Сағиденов Р(1928-1929 жж), Теңізбаев (1930-1932 жж), Жиенғалиев С (1933-1938 жж), Сағындықов Н (1938-1939 жж), Айтмұханов Меңдіғазы (1939 – 1940 жж), Ғазизов Шәкір (1940-1944 жж), Өтебаев Сафи (1944 – 1951 жж), Оспанов Құлқайыр (1951 – 1953 жж), Балғымбаев Өтеп (1953 – 1958 жж), Тауманов Ерғожа (1958-1959 жж.), Өтесінов Рахмет (1959-1961 жж), Мұқашев Саламат (1961-1970 жж), Сағынбаев Мұсабай (1970-1975 жж), Беклиев Әбутай (1975-1977жж), Ізтілеуов Беркін (1977-1986 жж), Түгелбаев Сағат (1986-1987 жж), Думчев Владимир (1987-1988 жж), Еламанов Болат (1988-1991), Түсіпқалиев Бақтығали (1991-1993). Еліміздегі басқару жүйесінің өзгеруіне байланысты 1992 жылдың басында атқарушы орган – аудандық әкімшілік құрылды. Жылыой ауданы әкімшілігінің алғашқы әкімі Түсіпқалиев Бақтығали, кейін аудан әкімшілігі аудан әкімі аппараты болып өзгертіліп, әкімдікке Саппаев Меңдіғали (1993-1994 жж), Қилыбаев Мақсот (1994 ж), Жұмағұлов Төкен (1994-1998 жж), Артығалиев Рзабек (1998-2001 жж), Бисенов Асқар (2001-2002 жж), Мұхтаров Нұртас (2002-2005 жж), Нақпаев Сәлімжан (2005-2006 жж), Еңсегенов Сәрсенбай (2006 ж), Бекенов Асхат (2006-2007 жж), Дүйсенғалиев Саламат (2007-2009 жж), Нұғманов Рахметолла 2009 жылдың маусынан Жылыой ауданының әкімі болып қызмет етеді. |









