
Жақында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен «Келешек кеңею жобасы және қоршаған орта туралы» тақырып аясында дөңгелек үстел өтті. Оның мақсаты – сыртқы мүдделі тұлғалармен екі жақты диалогты орнату болатын.
Бұл басқосуға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және ТШО-ның осы жобаға қатысты бөлім қызметкерлері қатысты.
ТШО мүдделі тараптардың мағлұматтарын бағалайды. Сол арқылы өзара қарым-қатынас орнату, ой-пікірлерін білуді мақсат тұтады. Дөңгелек үстелді ККЖ директорының орынбасары Асхат Байдалиев ашып, ол бүгінгі ТШО жайлы, кеңею жобасы туралы хабарлама жасады. Әсіресе, зауыттың қоршаған ортаға қандай әсері бар екені, экологиялық жағдайдың бүгінгі жайы, техника қауіпсіздігі жөнінде нақты мысалдармен түсінік берді. Сондай-ақ, күкірт өндірісі, ілеспе газ туралы, өндірістік зиянды қалдықтарды жою шаралары алынып жатқаны әңгіме болды. ТШО-ның Жылыой ауданына, оның әлеуметтік саласына көңіл бөліп келе жатқаны да қалыс қалған жоқ. «Игілік» бағдарламасының қаржысы жылыойлықтарды әуре-сарсаңға салған ауыз су мәселесін шешуге жұмсалуда.
Мұнан соң дөңгелек үстел ашық әңгімеге ұласты. Мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері Н.Ақназаров, А.Қанатбаев, Т.Кадиров және басқалар өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Олардың көпшілік сұрақтарына қолма-қол жауап қайтарылды. Айтылған ұсыныстар жерде қалмайтыны ескертілді.








