Шағын бизнес бәсекелес ортаны қалыптастырып, нарықты отандық тауарлар және қызмет көрсетулермен толтыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, орта және ірі бизнес үшін «қоректену ортасы» болып табылады. Сондықтан жаңа шағын бизнесті қолдау және көмектесу мен оның дамуын ынталандыру - өзекті мәселе.
Жалпы, елде экономикалық тұрақтылық – аса маңызды мәселелердің бірі болып саналса, ол кәсіпкерлік белсенділікпен тікелей байланысты. Бүгінде ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік саласы қаржы қиыншылығына қарамастан дамуда. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бастығы Айгүл Сабированың айтуынша, ауданда 4000-ға жуық шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен 1,2 млрд. теңге көлемінде жұмыс жасалып, өнім өндірілді, қызмет көрсетілді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен жергілікті бюджетке 44,4 млн. теңге көлемінде салық түсті. Қаржыдан қиналып жүрген кәсіпкерлерімізге мүмкіндігінше қолдау жасалып та келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы «Атырау шағын несиелеу орталығы» қоғамдық қоры арқылы 304 кәсіпкерге 23,7 млн. теңге көлемінде шағын несие беріліп, жұмыстарын нәтижелі жалғастыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер арқылы 21 шағын кәсіпкерлік субъектісіне 143,1 млн. теңге көлемінде несие беріліп, өз жұмыстарын жандандыруда. Ауданымызда 2 базар, 4 сауда үйі, «Атаба» супермаркеті мен шағынмаркеті, 354 азық-түлік дүкені, 13 наубайхана, 7 азық-түлік пен көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма және 3 мал сою пункті бар. Олардың барлығы да аудан халқына қызмет көрсетіп отыр. Аудан бойынша 2010 жылдың І-жартыжылдғында кәсіпкерлік субъектілерімен 10 нысан іске қосылып, қосымша 20 жаңа жұмыс орнын ашуға қол жеткізілді. Оның ішінде 1 наубайхана, 4 азық-түлік дүкені, 2 шаштараз, 1 кафе-бар-картинг, 1 құрылыс дүкені, 1 көлік жуу станциясы есігін айқара ашты. Сондай-ақ, еліміздегі индустриялды-инновациялық даму бағытында жасалып жатқан ірі жобалардың бірі – «Металл Продукт» ЖШС-і қуаттылығы жылына 30000 тонна (арматура, швеллер) өнім шығаратын металл құю зауытының құрылысын жүргізіп жатыр, жыл аяғына дейін бұл нысан іске қосылады деп жоспарлануда. Осы жылдың сәуір айында аудан әкімі аппаратында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын насихаттау және студенттер мен кәсіпкерлерге арналған несиелер туралы кеңейтілген кеңес өткізілді. Сондай-ақ, мамыр айының аяғы, маусым айының бас жағында «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша семинар-тренинг өткізілді. Оған 40-қа жуық адам қатысып, ынталы топқа шағын бизнес туралы жалпы түсінік беріліп, қорытындысында сертификаттар табыс етілді.








