Атыраулық оқушылар - «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалады
2010 жылдың 15-29 шілде аралығында Щучье қаласындағы «Балдәурен» Республикалық оқу - сауықтыру орталығына облыс білім беру ұйымдарының 12 оқушысы демалу үшін сапарға шықты. Демалушылардың бұл кезеңдегі санаты - жас волонтерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған аудандық, қалалық және облыстық фестивальдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Демалыс кезеңі «Мейірімділікпен әлемді ашамыз!» тақырыбындағы Балалар шығармашылығының ІІ Республикалық фестивалі ретінде өтеді.
Ал осы Орталыққа келесі кезеңіне 31 шілде - 14 тамыз аралығында демалуға баратын балалар санаты - қазақ тілі пәнінен өткізілген аудандық, қалалық және облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жас ақындар, үздік мәнерлеп оқушылар, айтыскерлер. Кезең «Туған тілім - түп қазығым, айбыным!» атты қазақ тілі білгірлерінің ІV Халықаралық сессия айдарында ұйымдастырылады.








